Қазақ-неміс байланысы беки түседі
Елге Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц келеді, деп хабарлайды 24kz.
Ресми сапармен Астанаға табан тірейтін неміс басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ «Орталық Азия + Германия» форматындағы екінші кездесуге қатыспақ.
Жаһан жұртшылығына классикалық көліктерімен танылған, Кәрі құрлықтың негізгі ғылыми-технологиялық әлеуетіне ие – Германия Федеративтік Республикасы. Жұмырдай жерге 80 млн-нан аса халықты сыйдырған мемлекет терең индустрияға басымдық береді. Ұлттық табыстың 33%-ын өнеркәсіп пен құрылыс өнімдерінен тауып отыр. Ең бастысы, өңдеу саласын ұршықша үйіретін немістер Қазақстанды аймақтағы басты сауда және экономикалық серіктес санайды. Мемлекетаралық саяси байланыс екі ұлттың мәдени достығынан бастау алды.
Иә, қазы-қартаға қазақ қана құмартпайды. Жылқы етінен жасалған ұлттық тағам кейінгі уақытта немістердің дастарханына да жиі қойылатын болған. Бұл өнімді осыдан бірнеше жыл бұрын Атбасардың тумасы Арман Болысбеков әкеліпті. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар қазақ халқының төл өнімдеріне қатты қызығады.
Арман Болысбеков, кәсіпкер:
- Біз жылқы етінен қазы жасаймыз. Әртүрлі шұжық жасаймыз: жая, қазы, қазылық және сүрленген ет. Негізі шикі қазының 1 келісі 19 еуро тұрады. Шұжықтың бағасы – 15 еуро. Қолдан жасаймыз. Рецепті Қазақстаннан әкелгенбіз. Жанұямыздың рецепті. Атам да, әкем де істеген.
Қазақтың ділін жақын тартқан халықтың тілін табу да оңай. Мұны кейінгі жылдарда беки түскен сауда байланысынан анық аңғаруға болады. Биылғы жартыжылдықта екі елдің тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті. Экспорт – 662 млн болса, импорт – 1 млрд 650 млн. Қазақстан негізінен шикізат сатады. Ал немістерден көлік пен өзге де техникалар аламыз.
Әлия Әбдірахманова, Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Германия Қазақстанмен тауар айналымы көлемі бойынша ЕО елдері арасында 4-орында болса, қазақстандық экспорт бойынша 7-ші орында. Германияға экспорт былтырмен салыстырғанда 39%-ке, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 40%-ке артты. Оң динамика Қазақстан Германияны қоса алғанда ЕО елдеріне жеткізілетін тауарлардың ассортиментін белсенді түрде кеңейтуде. Мәселен, балық экспортына қойылатын талаптар келісілді. Бал, сүт, ет өнімдерін жеткізу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Иә, қатынас қарқын алып келеді. Бірақ әлде де ынтымақтастықтың аясын кеңейте түсуге мүмкіндік мол. Германияның Федеральды канцлері Олаф Шольц сапары осыған мүмкіндік береді. Саясаттанушылардың пікірінше, неміс басшысы мұнайға қатысты уағдаластықтарды бекітуге келе жатыр. Оған қоса, Транскаспий дәлізіне қосылғысы келеді. Германия делегациясының қарасы қалың. Тиісінше, келіссөз көкжиегі де кең болады.
Таисия Мармонтова, саясаттанушы:
- Германияда аса қажетті 34 тауардың тізімі бар. Орның ішіне түрлі шикізаттар мен минералдар кіреді. Соның 19-ін Қазақстан жеткізіп отыр. Тиісінше, біздің ел Германияға керек. Біз де көлік өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өнімдерді алып отырмыз. Бұл жолғы сапар аясында бизнес-отырыстар жоспарланып отыр. Кең көлемді келісімдерге қол қойылуы мүмкін. Бүгінгі күні Батыс мемлекеттері арасында араздық көп, ал Шығыс Азия керісінше жылдам дамып келеді. Осы екі әлемді жалғай алатын бір ғана көпір бар. Ол – Орталық Азия.
Германия – Еуропадағы қазақ этносы ең тығыз шоғырланған елдің бірі. Сол үшін мұндағы халық ұлы дала ұлағатынан хабардар. Біздің елді мекен ететін немістер де аз емес. Яғни қазір қос мемлекеттің арасында достық рәуіш, сенімді серіктестік бар. Ал бұл сапар осы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығармақ.
Авторы: Бекзат Аманов