27 млн теңге жымқырған Қазақстан азаматы Түркияда ұсталды

27 млн теңге қаржы жымқырып, бөтен адамның мүлкіне қол сұққан Қазақстан азаматы Түркияда ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі көмегімен күдікті елге қайтарылды. Қазіргі уақытта айыпталушы Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Күдіктінің заңсыз әрекеті үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Әсел Беркалиева, ҚР Бас прокуратурасының өкілі:

- Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 млн теңгеге жуық ақшалай қаражатын заңсыз иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды. Ағымдағы жылдың тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.