Сенаторлар референдумға дайындық барысын талқылады

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, онда депутаттар 6 қазан күні өтетін АЭС салуға қатысты республикалық референдумға дайындық жайын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру маңызды. Сол үшін сенаторлар осы аптада өңірлерге барады. Қазір осы мәселе бойынша Халықтық штабы құрылып, жұмысын бастап кетті. Бюро отырысында бейсенбі күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібі де нақтыланды. Депутаттар елімізде мопед жүргізушілеріне қойылатын жаңа талаптар туралы заң жобасын қарайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін АЭС салудың маңыздылығы өте зор. Энергия көздерін әртараптандыру үшін де атом энергетикасын дамытуымыз керек. Бұл мәселені Президентіміз референдумға шығарып отыр. Өйткені бұндай стратегиялық мәселелерді халық өзі дауыс беру арқылы шешуі керек. Сондықтан референдум халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының нақты жүзеге асырылып жатқаны деп халыққа да түсіндіруіміз керек.