Қ. Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікір білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ГФР Канцлері Олаф Шольц келіссөздер барысында халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, Украина төңірегіндегі жағдайға назар аударылды. 

Мемлекет басшысы соғыстың бұдан әрі өршуі барша адамзатқа, ең алдымен Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр болатынын айтты. «Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын мысалға келтірді. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.