Қ. Тоқаев Германия канцлерімен қандай мәселені талқылады?
Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді.
Бүгін Германияның Федаралдық канцлері Олаф Шольцпен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның Үкімет басшысын Ақордада қарсы алды. Федералдық канцлерімен келіссөз барысында тағы қандай тақырыптар қаузалды?
Соңғы 14 жылда елімізге Германия үкіметінің басшылары ат басын бұрмаған еді. Ал бүгін Қазақстан Президентінің арнайы шақыртуымен ресми сапармен Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц келді. Мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында құшақ жая қарсы алды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлерімен шағын құрамда келіссөз жүргізу барысында айтты. Тараптар екі ел арасындағы әріптестік жайын талқылап, арадағы тауар айналымының көлемін арттыру мәселелерін қаузады. Жалпы бүгінде қазақ-неміс қатынасы жақсы деңгейде. Соңғы жылдары сауда байланысы беки түскен. Биылғы жартыжылдықта екі елдің тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті. Экспорт 662 млн болса, импорт – 1 млрд 650 млн. Қазақстан негізінен шикізат сатады. Ал немістерден көлік пен өзге де техникалар аламыз.
Әлия Әбдірахманова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Германия Қазақстанмен тауар айналымы көлемі бойынша ЕО елдері арасында 4-ші орында болса, қазақстандық экспорт бойынша 7-ші орында. Германияға экспорт былтырмен салыстырғанда 39%-ке, соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 40%-ке артты. Оң динамика Қазақстан Германияны қоса алғанда ЕО елдеріне жеткізілетін тауарлардың ассортиментін белсенді түрде кеңейтіп жатыр. Мәселен, балық экспортына қойылатын талаптар келісілді.
Әңгімелесу барысында Олаф Шольцтің өтінішімен Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін де жеткізді. Президент әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық екендігін айтып, түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылағау керектігін жеткізді. Бітімге келуде Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық екендігіне де назар аударды. «Ал егер соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді», – деді Президент.
Шағын құрамдағы келіссөздер барысында Германия канцлері сауда байланысты нығайтуға бейілді екендігін де растады. Олаф Шольц қазақ-герман қарым-қатынастарын өркендетудің маңызды екенін айтып, өзімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келгендігін жеткізді.
Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осыдан 2 жыл бұрын қол жеткізілген келісімнің арқасында еліміз Алманияға мұнай жеткізу көлемін едәуір арттырды. Қазір Қазақстан Германияға ай сайын 100 мың тонна көлемінде қара алтын экспорттап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 млн тоннадан асады деп жоспарланып отыр. Бұл келісім экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға да септігін тигізбек. Сонымен қатар Германияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.
Негізі неміс тарапын қызықтырған тағы бір бағыт – ол сирек кездесетін металдардың өндірісі. Осы күнге дейін Германияның компаниялары елімізде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін 8 млн долларға жуық инвестиция құйған екен.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Неміс компанияларының біреуі қазіргі таңда геологиялық барлау жүргізіп жатыр Қазақстанда. Олар қазір литий туралы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер олар Қазақстанда литий қорын тапса, онда осы компания литий өндіретін зауыт тұрғызуды жоспарлап отыр.
Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді. Мәселен, 2005 жылдан бері елге Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған. Кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қаржы сан-саладағы маңызды деген жобаларға бағытталғанын атап, оның 90%-і шикізаттық емес секторға тиесілі екендігін жеткізді.
Бұл аталған сандар алдағы уақытта еселеп арта түсуі бек мүмкін. Оған, әрине, Германия канцлерінің елімізге жасаған алғашқы ресми сапары септігін тигізеді. Бүгінгі кездесудің мәні зор екендігін атаған Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін.
Келелі келіссөз жүргізген Германияның Федералдық канцлері ең әуелі қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасына инвестиция салу көлеміне арттыру мен алыс-берісті еселеу үшін барлық жағдайды жасауға күш салатындығын жеткізді.
Олаф Шольц, Германияның Федералдық канцлері:
- Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылдады. Тағы білім, ғылым және қаржылық сектор бағытында да маңызды құжаттарға қол қойылды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Алматы энергетика және байланыс университетінің негізінде атақты Анхольд университетінің филиалы ашылады. Энергетика, электроэнергетика сынды бірнеше бағдарламамен бастаймыз. Біздің ұлттық аграрлық университет Алматыдағы соның негізінде су шарушылығы ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Қазіргі таңда су мәселесі үлкен мәселеге айналып отыр. Сондықтан арнайы практикалық ғылыми-зерттеу қолданбалы орталығы құрылады.
Германия федералдық канцлерінің Қазақстанға жасаған сапары аясында іскер азаматтар арасында да бірқатар келісімдер жасалады деп күтіледі. Бұл құжаттарға бүгін қазақ-неміс бизнес форумы аясында қол қойылмақ.
Жалпы айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 900-ге жуық неміс компаниясы сәтті жұмыс істеп келеді.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев.