ҚР Энергетика министрі АЭХА Бас конференциясының 68-ші сессиясына қатысты

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған Қазақстандық делегация Венада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі Бас конференциясының 68-ші сессиясына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Форумда қандай мәселелер талқыланды?

Жанат Эрнст, тілші:

- Австрия төрінде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше 180-ге жуық елдің өкілдері ядролық энергетиканы дамыту мен қауіпсіздік, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша кепілдіктерді қолдану мәселелерін талқылауға кірісті. Ұйымның Бас конференциясының 68-ші сессиясына қатысып жатқан Қазақстан делегациясы халықаралық қауымдастықпен тиімді жұмыс істеудің жолдарын талқылайды

Еліміздің энергетика министрі конференция аясында бірқатар кездесулер өткізіп, пленарлық отырыста баяндама жасады. «Биыл Қазақстанның Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше болғанына 30 жыл толды. Осы уақыттың ішінде біз Агенттіктің қамқорлығымен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеясын дәйекті түрде қолдап, жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігерге белсенді үлес қостық», - деді министр Алмасадам Сәталиев. «Қазақстан  том өнеркәсібін дамытуда теңгерімді көзқарас ұстанады», - деді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Уран өндіруде әлемдік көшбасшы бола отырып және ядролық отынның құрамдас бөліктерінің өзіндік өндірісі, сондай-ақ осы саладағы айтарлықтай адами ресурстары мен тәжірибесі бар Қазақстан өзінің атом энергетикасын одан әрі дамытатын болады. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр стансиясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін жариялады. Бұл шешім БҰҰ-ның негізгі принциптері мен құндылықтарына толығымен сәйкес келеді. Біз референдумның оң нәтижесі болған жағдайда Қазақстан АЭХА қағидаттары мен ұсынымдарына сәйкес өзінің ядролық бағдарламасын дамыту бойынша одан әрі қадамдар жасайтынына сенімдіміз. Қазақстан бұл мәселеде Агенттіктің сараптамалық көмегі мен қолдауын жоғары бағалайды.

Агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Атом Энергиясы жөніндегі Халықаралық Агенттіктің өмірдің барлық салаларындағы және ең алдымен әлем тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтаудағы маңызды рөлі туралы айтты. «Бұл миссия ядролық қаруды таратпау режимін нығайтады. Соғыс кезінде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де біз үшін маңызды. Атом энергетикасы арқылы ғылым мен технологияны тиімді қолдана отырып, бүкіл әлемде кедейлік пен қиыншылықты азайта аламыз», - деді ол.

Рафаэль Гросси, Атом энергиясы халықаралық агенттігінің бас директоры:

- Біз шешіп жатқан ең маңызды мәселелердің бірі – климаттың өзгеруі және энергетикалық дағдарыс. Ал Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ядролық энергияны таза қуат көзі ретінде қолдайтынын көрсетуде. Статистикаға сәйкес, қазір әлемде өндірілетін таза энергияның шамамен төрттен бірі ядролық энергиядан алынады. Атом энергетикасының дамуы жалғасуда және ол шағын модульдік реакторлар сияқты жаңа ядролық көріністердің  арқасында жүзеге асуда.

«Қазақстандағы Үлбі металлургия зауытында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған бірегей уран банкі табысты жұмыс істеуде», - деп атап өткен Энергетика министрі, былтыр Ұлттық ядролық орталықта төмен байытылған отынмен жұмыс істейтін тағы бір зерттеу реакторын конверсиялау сәтті аяқталғанын хабарлады.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Бүгінгі таңда атом өнеркәсібі адам өмірінің сапасы мен денсаулығын жақсартуда басты рөл атқарады. Радиофармацевтикалық препараттар онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық ауруларды диагностикалауда қолданылады.АЭХА-ның техникалық ынтымақтастық жобасы аясында Қазақстанның Ядролық физика институты осындай радиофармацевтикалық препараттарды шығару бойынша жұмыс істеуде.

Қазақстанның ядролық реакторларды зерттеу және радиофармацевтикалық препараттарды өндіру саласында тәжірибесі мол. Сондықтан еліміздің энергетика министрі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке келесі конференцияны Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов