Мәжіліс депутаты жол сапасын сынға алды
Халық қалаулылары жолдардың сапасына шүйлігіп, техникалық қадағалау мен сапа орталығының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды 24kz.
Нақтырақ айтқанда, «Ақ жол» фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев көлік министрі Марат Қарабаевқа сауал жолдап, қазіргі проблемаларды жайып салды. Оның сөзінше, бізде белсенді азаматтар бастаған қоғамдық резонанстан кейін ғана жолдардағы ақаулар жойылады. Ал «Жол активтері» ұлттық сапа орталығының 5 жылдағы жұмысы еш нәтиже бермей отыр. Оның үстіне бұл ұйым өзі ведомстволық сараптама жүргізіп, құрылыс бойынша тиісті ұсыныстарын береді. Ал кейін мердігер атқарған жұмыстан кемшіліктерді табады. «Сонда логика қайда?», – деді депутат.
Қазір еліміз жолдарының ұзындығы бойынша әлемде 32-ші орында, ал сапасы жағынан 118 мемлекеттің арасында 93-ші орынға тұрақтаған. Бұл олқылықтарды реттеу үшін депутат қоғамдық бақылауды күшейтуді, яғни салық төлеушілердің бақылау тетігіне қатысуын талап етіп отыр.
Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің фракция жол сапасын бақылаудың көп сатылы механизмін қайта қарап, жазалаудан гөрі кеңес беретін және ғылыми тұрғыдан қолдау көрсететін тиімді жүйе құруды ұсынады. Сонымен қатар Президенттің Жолдауына сәйкес қазіргі заманғы шындықтар мен қолда бар инновациялық әдістерді ескере отырып, қалалар мен аудан орталықтарындағы жобаларды қайта қарау қажет.