Сенат төрағасы алматылықтарды референдумға шақырды
2026 жылдан бастап Еуропалық Одақ елдерінде көміртегі салығы енгізіледі.
Яғни, импортталатын тауар өндірісі кезіндегі көмірқышқыл газының шығарындысы үшін қосымша салық салынады. Бұның отандық экспорттаушыларға қосымша ауыртпалық салатыны белгілі. Бұл жөнінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған штабтың Алматыда өткен кездесуінде айтылды. Сенат төрағасы көміртегі шығарындысын азайтып, 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу керегін еске салды.
Жалпы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері бүгін Алматыда бірқатар кездесу өткізді. Олар ғалымдармен, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен жүздесті. Басқосуда АЭС салуға қатысты референдум аясындағы мәселелер талқыланды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Арнайы осы мәселені халық талқыласын, әртүрлі әлеуметтік топтар өздерінің ойларын айтсын, сөйтіп, біз жан-жақты ойланған, пысықталған шешім қабылдайық деп Президентіміз арнайы осы мәселені қоғамдық талқыға салғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Міне, бір жылдың ішінде көптеген дөңгелек үстелдер, отырыстар, жиындар өтіп, бұл енді елімізге не береді деген мәселелер жан-жақты қаралды. Енді 6 қазанда елімізде үлкен референдум болайын деп жатыр. Сол жерде халқымыз нақты шешімді қабылдайды. Халық қалай шешеді, солай болатыны сөзсіз.