Белгілі саясаттанушы Барри Бузан түрлі сала өкілдеріне дәріс оқыды

Астанада "Жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру: терең плюрализмге көшу" тақырыбында жиын өтті.

Онда Лондон экономика мектебінің құрметті профессоры Барри Бузан саясаттанушылар, медиа сарапшылар мен түрлі сала өкілдеріне дәріс оқыды. Мәртебелі мейман халықаралық қатынастар жайында да ой алмасты. Сондай-ақ жаһандық саяси өзгерістер жайлы болжамдарымен бөлісті. Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин да қатысты. Ол қазақстандық сарапшылар қауымдастығына Барри Бузанның дәрісін тыңдау үлкен мәртебе екенін атап өтті. Жиын соңында дәріс тыңдаушылар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, пікір алмасты. 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Бұл – ағартушылық бағыттағы жоба. Оның мақсаты – біздің сарапшыларды халықаралық қатынастар саласындағы белгілі шетелдік теоретиктердің соңғы жаңалықтарымен таныстыру, өзара пікір алмастыру.  Соңғы уақытта шетелдік сараптамалық топтарда орта державалардың, белгілі бір өңірлік ықпалы бар мемлекеттердің рөлі туралы пікірталас дамып келе жатқан сәтте маған профессордың Қазақстан сияқты елдердің жағдайын қалай бағалайтыны, олар үшін қандай перспективалар бар екенін білу маңызды.

Барри Бузан, саясаттанушы, Лондон экономика мектебінің профессоры:

- Қазақстан географиялық тұрғыдан аумағы үлкен болғанымен, экономикалық әлеуеті жағынан жас мемлекет саналады. Сіздердің мемлекеттеріңіз екі алпауыт елдің ортасында орналасқан, сондықтан сыртқы саясаты осы елдермен қарым-қатынасымен тығыз байланысты. Қазір бұл мемлекеттер дос әрі одақтас екені белгілі. Сондықтан аймақтағы жағдайдың тұрақтылығы мен бейбіт дамуына көп көмегін тигізіп отыр. Қазақстанның да сыртқы саясаттағы ұстанымы өте ұтымды.