О.Бектенов Ақтөбе облысы энергетика және білім беру нысандарының жұмысымен танысты

Еліміздегі энергетика секторының 70%-ға жуығы көмір электр станцияларына тәуелді.

Өкінішке орай, республика көлеміндегі жылу электр орталықтарының көбісі тозған. Мәселен, Ақтөбе облысы және Қазақстанның солтүстік өңірлері Ресейден электр қуатын сатып алып отыр. Сондықтан ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет», - деді Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр. О. Бектенов Бадамша ауылындағы бірқатар нысанды аралады. Үкімет басшысына «Бадамша», «Бадамша-2» жылу электр станциясының жұмысы туралы баяндалды. Іске асырылуына 69 миллиард теңге жеке инвестиция бағытталған бұл энергетикалық турбиналар Қазақстандағы ең ірісі болып саналады. Жоба шеңберінде шамамен 37 мың үй шаруашылығының қуат тұтыну көрсеткішіне тең энергия өндіріледі. Сонымен қатар Премьер-министр Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр стансасының іске асырылу барысымен танысты. Олжас Бектенов экономикалық тұрақтылықты экологиялық тұрақтылықпен үйлестірудің маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ Премьер-Министр Бадамша ауылындағы 55 жыл бұрын салынған №2 орта мектептің жаңғыртудан кейінгі оқу үдерісімен танысты. «Қала мен ауыл арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта біз халықтың әсіресе, ауылдардағы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен дамуына мүдделі белсенді бизнесті толық қолдаймыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айна Дүйсекова, №2 орта мектеп директоры:

- 2023 жылда біздің мектеп қайырымыдылық жобаға кірді. «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн тг жаңа жиһаздар және жаңа құралдар келді. 25 кабинетке толық жабдықталған құралдар алдық. Оның нәтижесін бір жылдан кейін көріп отырмыз. Білім сапасы өсті бізде. 1-тоқсанда 50 пайыз болса, 4-тоқсанда 54 пайыз. 4 пайыз динамикасы бар.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Біз жаңартылған энергия көздері тұрақты болмағандықтан газбен жұмыс жасайтын электр станцияларын салып жатырмыз. Қазір республика бойынша 2 мың мгватт салынып жатыр. Аукцион өткізіп Ақтөбе облысында да тағы 200 мегаватт салынады. Бірақ Қазақстан экономикасының даму қарқыны өте жоғары. Сондықтан болжам бойынша 2035 жылға дейін 150 млрд киловатт/сағат электр энергия керек болады. Біздегі бар электр станцияларымыз оны толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз диверсификация жасауымыз керек. Оның бір жолы атом электр станциясын салу мәселесі.