ҚР Сыртқы істер министрі жетекші америкалық компания өкілдерімен кездесті

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бүгін АҚШ-қа сапары барысында бірқатар америкалық компания өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдікте өткен бас қосуға Mastercard, Visa, және Citibank сияқты қаржы саласының басшылары қатысып, ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселлелері талқыланды.

Джон Хантсман, Mastercard компаниясының стратегиялық даму жөніндегі президенті:

- Біз киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қазіргі уақытта Қазақстанмен 5 жылдық жұмыс жоспарын бастадық. Алдағы уақытта Қазақстан аумағында қарқынды дамуды көздеп отырмыз. Ол үшін цифрлік инфақұрылым құруға жақсы база қалыптасты. Цифрландыру мен қаржылық сауаттылықты арттыру жолында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы орайда біз жаңа технологияларға қауіпсіз әрі жылдам төлемдерге қызығушылығы бар жастарды тартқымыз келеді.

Мұрат Нұртілеу, сондай-ақ, Google компаниясының Мемлекеттік мекемелермен байланыс және саясат жөніндегі басшысымен кездесті. Басқосуда Google for Startups бағдарламасы аясында өзара іс-қимыл кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар елімізде цифрлік инфоқұрылым мен инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Крис Кларк, VISA компаниясының аймақтық басшысы:

- Қазіргі кезде киберқауіпсіздік өте маңызды мәселеге айналды. Соңғы 5 жылда VISA компаниясы киберқауіпсіздікті дамытуға 10 млрд доллар инвестиция құйды. Осы арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Мысалы былтыр біздің компания клиенттеріміздің 40 млрд долларға жуық төлемдерін алаяқтардан сақтап қалды. Біз Қазақстандағы диджитал инфоқұрылымды құру үшін сіздердің Ұлттық банктеріңізбен серіктестік жасап отырмыз.