Қазақстандықтардың энергетика саясатында белсенділігі артып келеді
Соңғы кезде қазақстандықтардың энергетика саясатында белсенділігі артқаны байқалады.
Қоғамдық даму институтының сарапшылары 17 облыс пен республикалық маңызға ие 3 қалада болып, тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Оған 8 мыңдай адам қатысып, соның 64%-і жалпыұлттық референдумға қатысуға дайын екендігін білдірді. Институт өкілдері таяуда Ақтауға барып, энергетика саласының мамандары және белсенді азаматтардың қатысуымен жиын өткізді. Басқосуда «Sarap» эксперттік клубы жүргізген зерттеулердің нәтижесі талқыланып, шараға қатысушылар елде Атом электр стансысын салу жөнінде пікір алмасты. Сарапшылар көпшілік көтерген ұсыныстарды орталық мемлекеттік органдарға жеткізуге уәде берді.
Олжас Бейсенбаев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл бір жағынан халықтың арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінің бір нәтижесі деп көруге болады. АЭС-тің салуына қатысты жергілікті тәжірибелі мамандардың да пікірін білсек деген ойдамыз. Өйткені, мәселен, біз Алматы облысында, Солтүстік Қазақстан облысында да жергілікті тәжірибелі мамандардың пікірін естідік. Енді бүгінгі жағдайда АЭС салудағы қауіпсіздік мәселесі, экология мәселесі, маман даярлау, міне, осы сұрақтарға қатысты өңірлік призмадағы сұрақтарды қарастырып көрмекпіз.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Бүгінгі жиында да энергетика саласына қатысты, азаматтық жауапкершілікке қатысты және елімізде болып жатқан реформаларға қатысты осы жергілікті жердегі зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерін тыңдау, мамандардың пікірін, диалог алаңы ретінде өз пікірлерін айтуына платформа ретінде ұсыну мақсатында жиналып отырмыз.