Қазақстан-Өзбекстан шекарасын демаркациялау туралы құжат БҰҰ-ға өткізілді

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара 2300 шақырымнан асады.

Осыдан екі жыл бұрын қос елдің президенттері мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойған еді. Ал бүгін бұл құжаттың көшірмесі БҰҰ-ға тіркеу үшін тапсырылды. Бас Ассамблеяның жоғары деңгейдегі апталығы өтіп жатқан тұста тапсырылған құжатта екі мемлекет арасындағы шекара жайлы толық мәлімет қамтылған. Бұл шарт бауырлас елдер арасындағы достықтың, өзара  сыйластық пен сенімнің кепілі, дейді дипломаттар.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Біріккен Ұлттар Ұйымына бұл құжатты тапсыру әрине бұл құжаттың халықаралық деңгейде танылғандығын белгілейді. Сондықтан бұл тәжірибе тоқтамайды. Келешекте де басқа елдермен шекарамызды толықтай бекітіп, демаркация өткізгеннен кейін басқа да келісімдер осылай тапсырылатын болады. 

Айта кетейік, бұл БҰҰ-ға тапсырылып жатқан алғашқы құжат емес. Бұған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шарт 2015 жылы тапсырылған еді. Қазір еліміздің шығысындағы таулы аймақта шекара бағандарын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Ал Қырғызстан, Түрікменстан және Қытай елдерімен шекара мәселесі толық шешілген.