Аида Балаева барша еңбек адамын мерекемен құттықтады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде барша еңбек адамын төл мерекемен құттықтады.

Жазбада "Біз бүгін өз еңбегімен еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетеміз. Еңбек күні жай ғана мереке емес, отаншылдық пен адалдықтың, еңбекқорлықтың символы" делінген. Министр өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынына сенім білдірді. Желідегі құттықтау өңірлердегі өнегелі отбасылар жайлы видеомен көмкерілген. Олардың қатарында өмірін мәдениет пен өнерге арнаған Смағұловтар, Бейісбековтер, Насибуллиндер және Қасымовтар әулеті бар. Аида Балаева "Осы және басқа да көптеген отбасы еңбек тек жұмыс емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп екенін де көрсетеді. Олардың еңбегі Қазақстанның экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуының негізі" деп бағалады. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміздің болашағын өз еңбегімен қалап жатқан жандарды тану және қолдау жолындағы маңызды қадам екенін алға тартты.