Қазақстан алғаш рет Австрия Парламент сайлауында байқаушы ретінде қатысты
Австрия парламентінің депутаттарын сайлау науқанына биыл Қазақстан алғаш рет байқаушы ретінде қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Венаға сапары барысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Жанат Эрнст, тілші:
- Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының басшысы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру барысымен танысып, жергілікті сайлау комиссияларының мүшелерімен және сайлаушылармен әңгімелесті. Нұрлан Әбдіров Австрияның сайлау мәселелері бойынша басқарма басшысы Грегор Вендамен, Парламент мүшесі Харальд Трохпен және Сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры Герхард Зайлермен кездесті. Тараптар болашақ қарым -қатынасты талқылап, екі елдің сайлау органдары мен Парламенттері арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың жолдарын белгіледі.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Оның ішінде ең бастысы, біз үшін ерекше маңыздысы – ол Орталық Сайлау комиссиямыз бен Австриядағы осы сайлауды ұйымдастырушы органымен өзара қарым-қатынасты дамыту жөнінде. Әрине, біз бір-біріміздің тәжірибемізді, заңымызды, және осы сайлаушылардың деген сайлау органдар жүйесіне, сайлау жүйесіне деген сенімін қалай арттыру керек және сайлаушылардың осы сайлау учаскелеріне белсенді түрде баруы жөнінде – әрине оның әртүрлі тәсілдері бар, сол жайлы бірсыпыра әңгіме, және тәжірибе алмасу, осы жөнінде бірлесе отыра істейтін бір шараларды анықтап алдық.
Герхард Зайлер, Австрия Сыртқы істер министрлігінің департамент басшысы:
- Біз Қазақстаннан келген қонақтарды қарсы алғанымызға өте қуаныштымыз. Мен де еліңізде талай рет болдым. Басқа елдердің тәжірибесін бақылау әрқашан өте пайдалы. Біз де сайлау жүйесін үнемі жетілдіріп, сайлауға қатысуды арттыруға тырысамыз. Өйткені сайлауға азаматтардың еркін қатысуы – демократияның басты мақсаты. Екі елдің Парламенттері, сайлау комиссиялары мен комитеттері арасындағы ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бар. Менің ойымша, бұл бағыттар бүгін де өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр және әлі талай шара өткізуге болады.
Сайлау технологиясы мен ашықтық мәселелері бойынша Австрияның тәжірибесі мол. Орталық сайлау комиссиясының басшысы Австрия Парламенті Төменгі палатасының депутаты Харальд Трохпен кездесуінде серіктестік жайы талқыланды.
Харольд Трох, Австрия парламентінің мүшесі:
- Қазақстан өкілдерімен бүгінгі кездесу біз үшін өте қызықты болды. Бұл демократияны дамыту идеялары және Азия мен Еуропа арасындағы парламенттердің бірлескен жұмысы туралы өте жақсы пікір алмасу болды. Бүкіл әлем бойынша бүгінгі ең маңызды мәселе – бейбітшілік. Бұдан басқа жол жоқ. Еуропаға бейбітшілік керек. Ал бүгінгі кездесуіміз бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамыту үшін қажет.
«Шет елдердің, соның ішінде Австрияның тәжірибесін зерделеу Қазақстандағы демократиялық қайта құруларды дамыту мен сайлау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды», - деді Орталық сайлау комиссиясының басшысы.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов