Таяу Шығыстағы Қазақстан елшіліктерінде АЭС референдумы өтпейді
Таяу Шығыстағы күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі үшін референдум учаскелерінің қызметі уақытша тоқтатылды.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясымен бірлесіп, Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, репатриациялық рейстерді пысықтау үшін ахуалды бақылап отыр. Бұл жайында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте мәлімдеді. Қазір Израиль әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Иранда 3 қазанның таңына дейін барлық рейс тоқтатылған. 1 қазанға дейін Ливандағы 100-ден астам шетелдік елшіліктердің ешқайсысы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Біздің азаматтарды эвакуациялау мәселесі әзірге пысықталуда. Ливандағы Елшіліктің консулдық есебінде Ливан 139 азамат, Израильде 120, Иранда 102 Қазақстан азаматы бар. Қазақстанның Ливан, Иран, Израильдегі дипломатиялық миссиялары күшейтілген жұмыс режиміне көшті.