ҚР СІМ Таяу Шығыстағы ахуалды бақылап отыр
Таяу Шығыста зардап шеккен және қаза тапқан Қазақстан азаматтары туралы ақпар жоқ.
Бұл туралы Сыртық істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Бүгінде Ливан, Иран, Израильдегі дипломатиялық миссиялары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Алда-жалда қауіпті аймақтардан шығару мақсатында борттар ұйымдастырылса, онда консулдық есептегі азаматтар Қазақстанға қайтарылады. Сыртқы істер министрлігі осы елдерде жүрген отандастарымызды консулдықтарға тездетіп тіркелуге шақырады. Мәселен, бұған дейін Ливаннан кету қажеттілігі бірнеше рет жарияланған болатын. Айта кетейік, Қазақстанның Таяу Шығыс елдеріндегі елшіліктерінде жедел штабтар құрылған. Әр елдегі штаб құзырлы ведомстволармен тығыз байланыста. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Таяу Шығыстағы азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатынын жеткізді. Әзірге дипломатиялық миссия өкілдері мен олардың отбасы мүшелерін елге қайтару мәселесі қаралып жатқан жоқ.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Консулдық есепте тұрған азаматтардың тізімі тұрақты негізде өзектендіріліп келеді. Осылайша бүгінде Израильде консулдық есепте 120, Иранда 102, Ливанда 139 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. Көптеген азаматтар консулдық есепте тұрмайтынына назар аударғымыз келеді. Осыған байланысты байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақытты алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын болу елдерінде консулдық есепке тұруды шақырамыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта Израильде, Иранда және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді,сақтық пен қырағылықты танытуды, жаңалықтарды қадағалауды және биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ ҚР СІМ-мен аталған елдердегі Қазақстанның елшіліктерімен байланыста болуын сұраймыз.
Таяу Шығыстағы ахуал Сыртқы істер министрлігінің бақылауында
Қазір Израиль әуежайлары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Иранда 3 қазанның таңына дейін барлық рейстер тоқтатылған. 1 қазанға дейін Ливандағы 100-ден астам шетелдік елшіліктердің ешқайсысы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Біздің азаматтарды эвакуациялау мәселесі әзірге пысықталуда. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, ахуалды бақылап отыр.