Мемлекет басшысы: Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру қажет

Депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Бірақ бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Президент барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, біліктілік деңгейін арттыруға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды 24kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтетінін айтып, мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалуға шақырды. Саясат дағдыларын меңгеріп, ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар мәслихат депутаттары тұрғындар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануға тиіс. Қысқасы, Мемлекет басшысы мәслихат мүшелеріне үнемі сындарлы пікірталастар өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керектігін ескертті.