Ядролық қауіпсіздік стандарты талаптары сақталады

АЭС салатын кез келген ел Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық Агенттіктің ядролық қауіпсіздік стандарттары мен нұсқауларын пайданалады.

Жобаны жүзеге асыратын аумақты таңдау оңайға соқпайды. Ол жердің геологиялық, гидрологиялық, сейсмикалық ахуалынан бастап, метеорологиялық жай-күйі қатаң ескерілуі тиіс.

АЭС салуға арналған аумақты таңдар кезде жылдық температураның ең төмен және жоғары көрсеткіші, жерасты және жерүсті су деңгейінің жылдық ауытқуы анықталуы керек. Кейін метеорологиялық құбылыстарды зерттеу кезінде құйын мен дауылдың болу ықтималдығы, оның әсер ету параметрлері бағаланады.

Ерболат Қоянбаев, "ҚР Ұлттық ядролық орталығы" РМК директорының орынбасары:

- Мысалы, дауылдың максималды жылдамдығы анықталады. Оның жылдамдығы жылына ең максималды 56 м/сек аспауы керек. Себебі заманауи 3+ буындағы реакторлар арнайы ғимаратта орналасады. Ол ғимарат "контайнмент" деп аталады. Осы контайнмент 8 баллдық жер сілкінісіне, 56 м/сек жел күшіне төтеп бере алатын контайнмент. Сондықтан осындай параметрлерге тексеріледі ғой.

АЭС-тың санитарлық аймағы да арнайы әдістеме арқылы белгіленеді. Онда ешқандай нысан болмауы тиіс. Ал аумақтың көлемі өндірілетін қуаттың мөлшеріне байланысты. Жобаны жүзеге асыруға ниетті елдер халықаралық стандарттарға сәйкес келетін дайын дизайндарға зер салып жатыр.

Айдар Таинов, АЭС бойынша халықаралық сарапшы:

- Энергетика министрлігінің қарастырып жатқан шорт-листінде 4 мемлекеттен 4 дизайн бар. Бұл дизайндар +жоғары қуатты дизайндар болып саналады, 1000 гВт, 1200 және 1400 гВт. Әр мемлекеттің өзінің заңнамасында олардың бәрі белгіленіп, жазылу керек. Мысалы, реактордың қуаты кішірек болған кезде қорғау немесе эвакуация зоналары белгіленеді. Олардың бәрі қуаттың кіші немесе жоғары болуына байланысты.

Қазақстандық мамандар АЭС салуға болатын аумақ ретінде Курчатов қаласының маңы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылының іргесін қарастырды. Біріншіден, бұл елді мекендердің төңірегі құрылыс талаптарына сәйкес келсе, екіншіден, Ертіс өзені мен Балқаш көлі реакторға қажетті сумен толық қамтамасыз ете алады. Дегенмен қуат тапшылығы мен инфрақұрылым әлеуеті жағы ескеріле отырып, Үлкен ауылының маңы таңдалды.

 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов