«Мызғымас бауырластық-2024» оқу-жаттығуы мәресіне жетті

«Жағалау» оқу-жаттығу полигонында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бітімгерлік күштерінің бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды.

Әскери жиын барысында қорғаныс және басқа ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылды. Шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларында тәжірибесі бар, дайындықтан өткен нұсқаушылар тартылды. Бөлімшелер түрлі жауынгерлік міндеттерді бірлесе шешті. Олар жергілікті аумақты күзетіп, гуманитарлық көмек көрсетті. Оқу-жаттығу жұмыстарына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Ресей және Тәжікстан елдерінің бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары қатысты.

Асылхан Мұқышев, 38-десанттық-шабуылдау бригадасының штаб бастығы:

- «Мызғымас бауырластық-2024» оқу-жаттығуы бүгін өз мәресіне жетті. Аса маңызды нысандарды қорғау жұмыстары пысықталды. Ұжымдық бітімгерлік күштер берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Олар мұны жоғары деңгейде алып шықты деп толық айта аламын.