Қазақстан мен Еуроодақ ынтымағының болашағы талқыланды

Еуроодақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесінің бірі.

Екіжақты тауар айналымы 41,5 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Еуропалық сайлаудан кейін қос тарап ортақ мақсаттарға жету үшін әріптестіктің жаңа кезеңіне көше бастады. Осы ретте отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов ЕуроОдақпен сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың қажеттігін айтты. Тараптар орта дәлізді дамыту, қазақстандық энергияны Еуропаға экспорттау, Минералдық қауіпсіздік бойынша серіктестік форумы және тағы басқа бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Томаш Здеховски, еуродепутат:

- Біздің басты басымдығымыз – бизнестегі ынтымақтастық. Біз мұнай, газ, металл және басқа ресурстармен сауданы еселеуге мүдделіміз. Сондай-ақ қауіпсіздік, мәдениет және білім беру салаларындағы серіктестікті үдету қажет. Қазақстан біз үшін аймақтағы негізгі инвестициялық серіктес ел. Әсіресе Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау бағыты ретінде шешуші рольге ие. 

Қазақстандық мәжілісмендер елдегі саяси, заңнамалық және конституциялық реформалардың барысы, сондай-ақ парламентаралық байланыстардың даму жайын талқылады. Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза қатысушылардың назарын екіжақты серіктестіктің түрлі бағыттарына аударды. 

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде бар минералды ресурстар Еуропа мемлекеттеріне керек. Ол жаңағы қарапайым бидайдан бастап сирек кездесетін металлға дейін мысалы. Сондықтан да қарым қатынасты күшейту керек. Оның арты жағында Еуропаның бір мемлекеттерінің Қазақстанда елшіліктері ашылуы жатыр мысалы, оның артында инвестиция тарту жатыр мысалы. Не құрылым Қазақстанға инвестиция кірсе, сол құрылым Қазақстанның тұрақтылығына деген көптеген мемлекеттердің мүддесі болады мысалғы. Сондықтан бұл бір үлкен саясаттын бір элементі менін ойымша. Бүгінгі бізің сапарымыз жалпы бір үлкен жобаның ішіндегі кішкентай ғана тамшымыз. 

Еуроодақ Қазақстанды өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды серіктес ел ретінде қарастырады. Екі арадағы тауар айналымы мен инвестициялық қатынас жоғары деңгейде. Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньның айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы байланысты дамытуда шешуші рөль ойнайды.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы байланыс қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары:

- Кездесу нәтижелі болды. Еурокомиссарлар, еуродепутаттары және Еуроодақтың түрлі институттарының өкілдері Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты талқылады. Біз ынтымақтастықты әртүрлі бағытта дамытуға, соның ішінде экономикалық байланыстар мен қарапайым азаматтарымыздың арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайынбыз. 

Екі тараптың депутаттары Қазақстан мен Орталық Азия Еуроодақпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов