Шетелдегі 12 мыңнан аса қазақстандық дауыс бере алады

Жалпыұлттық референдумда шетелдегі 12 мыңнан аса қазақстандық дауыс бере алады, деп хабарлайды 24kz.

Отандастарымыз өзге елдерде дауыс беріп, өз таңдауын жасау үшін қажет жағдай жасалған. Бұл туралы орталық референдум комиссиясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты.

Қуандық Танабас, тілші:

- Біз қазір орталық референдум комиссиясынан тікелей эфирге қосылып отырмыз. Мұндағы баспасөз орталығы таңғы 07.00-ден өз жұмысын бастады. Жалпыұлттық  референдум барысына қатысты негізгі ақпараттың барлығы осы баспасөз орталығында жариялананып отырады. Жалпы айта кетерлігі, мұнда 200-ге жуық БАҚ өкілдері жұмыс істеуде, оның ішінде шетелдік әріптестеріміз де бар.

Осыдан жарты сағат бұрын ғана баспасөз орталығында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мырза шетелдегі отандастарымыздың қалай дауыс беріп жатқанына қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, шетелдегі азаматтарымыздың конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған болатын. Ал дауыс беретін дауыс берушілердің жалпы саны 12 307 адам. Олар - шетелде білім алып жатқан, сонда жұмыс істейтін немесе өзге елдерге уақытша сапарлап барған отандастарымыз. Және ондағы дауыс беру жоғары белсенділікпен өтіп жатыр. Әсіресе Корея және Жапониядағы азаматтарымыздың дауыс беріп, өз азаматтық позицияларын білдірудегі белсенділіктері жоғары. Дегенмен әр континентте, әр мемлекеттегі уақыт белдеуінің әртүрлілігіне байланысты өз жұмысын әлі бастамаған учаскелер бар.

Уақыт айырмашылығына байланысты Астана уақыты бойынша сағат 16:00-де Вашингтон, Нью Йорк, Оттава қалаларындағы және 20:00 де Сан-Франциско қалаларындағы референдум учаскелері өз жұмысын бастайды.