Қытайда үш дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр
Жалпыұлттық референдумға дауыс беру Қытайда да басталды, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті уақыт таңғы 7.00-де бастау алған науқан жайында толық ақпаратты Бейжің қаласынан тікелей байланысқа шыққан арна тілшісі Руслан Бақытбекұлы айтып беруге дайын.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай елінде бүгін үш дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Олар Бейжің, Гонконг және Шанхай қалаларында орналасқан. Учаскелер осы шаһарлардағы дипломатиялық өкілдіктерінің аумағында ұйымдастырылған. Дәл қазір мен Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінің ғимаратында ашылған №389 референдум учаскесінде тұрмын.
Қысқаша тоқталып кетейін. Бұл жерде бірден бірнеше адам кіріп дауыс бере алатындай жағдай жасалған. Қақ ортада бюллетень жәшігі тұр. Дауыс берушілерге арналған бөлек-бөлек оқшауланып орналасқан бөлме. Референдум комиссиясы науқан барысын мұқият бақылап отыр. Учаске жергілікті уақытпен таңғы 7:00-де ашылды. Содан бері уақыт 5 сағаттан асты. Дауыс беру қалыпты жағдайда жалғасып жатыр. Бейжіңдегі бұл учаскеде 236 азамат тіркелген.
Негізінен дауыс берушілер Қытайда қызмет атқарып жүрген дипломаттар, ұлттық компания өкілдері, олардың отбасы мүшелері. Сонымен қатар осы елде оқып жүрген студенттер мен іссапарда және туристік мақсатта жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары.
Жалпы дауыс берушілер белсенді деп айтуға болады. Шетінен келіп өз таңдауын жасап жатыр. Дауыс беру Қытайда жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін белгіленген тәртіппен бюллетеньдер елге жөнелтіледі.