Ерлан Қошанов жалпыұлттық референдумда дауыс берді
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов референдумға қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Мәжіліс спикері «Қазақстан темір жолы» ғимаратында орналасқан №163 учаскеде дауыс берді. Ол саяси науқанның ел болашағы үшін маңыздылығын айтып, халықтың белсенділігі аса жоғары екендігін атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгін – біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды күн. Еліміздің болашағына қатысты үлкен шешім қабылдануда. Ең бастысы, бұл шешімді халық қабылдап жатыр. Бұған дейін біз Конституциялық реформа қабылдадық. Оның басты мақсаты – әр адамның мемлекеттің саяси өміріне еркін қатысуын қамтамасыз ету. Бүгін біз соның нақты іске асқанын көріп отырмыз. Барлық аймақтағы азаматтарымыз өз даусын беріп жатыр. Өңірлерден келіп жатқан ақпараттарға қарағанда, белсенділік өте жоғары. Халық мемлекетіміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасайды деп ойлаймын.