Халықаралық байқаушы: Референдум талапқа сай өтіп жатыр
«Референдум халықаралық талапқа сай өтіп жатыр». Қазақстандағы саяси науқанға зер салған Өзбекстан сайлау комиссиясының төрағасы осылай деді.
Зайниддин Низамходжаев еліміздегі орталық референдум комиссиясының жұмысымен толық танысып, Астанадағы дауыс беру учаскесін бақылап шықты.
Айтуынша, келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Құқықтық тәртіп қамтамасыз етіліп жатыр. «Жергілікті тұрғындардың да саяси белсенділігі тәнті етті», - дейді ол.
Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, халықаралық байқаушы:
- Біз қазір №77 дауыс беру учаскесінің жұмысын көзбен көрдік. Мұнда тұрғындар ағылып келіп жатыр. Бұл халықтың саяси белсенділігін көрсетеді. Дауыс берушілердің құқығы сақталуда. Олар үшін барлық ақпарат қолжетімді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған.