Сенатта Палата Бюросының отырысы өтті
Сенатта Қазақстан мен Катар арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім қаралады.
Заң нормалары екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға арналған. Бұл туралы Палата Бюросының отырысында айтылды. Жиында алда болатын шаралар жоспары бекітілді. 8-9 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы мен І Жас діни лидерлердің форумына дайындық барысы пысықталды. Аталған іс-шараларға 19 елден 30-ға жуық делегация өкілі қатысады. Сенат Төрағасы өз сөзінде елімізде өткен АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдумның қорытындысына тоқталып өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Кеше тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы маңызды оқиға АЭС салу бойынша республикалық референдум өткені белгілі. Бұл оқиға президентіміздің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында іске асырылған кезекті нақты қадамдардың бірі екені сөзсіз. Референдумға қатысушылардың саны жоғары болғанын білесіздер. Тиісті ақпараттарды Орталық референдум комиссиясы беріп жатыр. Экзитпулдың нәтижелері көңілден шығады. Осы референдум және Қазақстан халқының шешімі елімізді жаңа белестерге шығаратын қадам болады деп сенеміз.