Өңірлердің басым бөлігінде жылу беру маусымы басталды
Елімізде Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында жылу беру маусымы басталды.
Күн райының суытуына орай батыс және оңтүстік өңірлерде жылыту маусымы қазан айының ортасында басталады деп жоспарланып отыр. Бұл жайында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында баяндады. Сондай-ақ министр елдегі Электр станцияларындағы жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығы жайында мәлімет берді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев: «Жылыту маусымының тұрақты өтуі министрліктің бақылауында», - деді. Сондай-ақ электр энергиясына шекті тарифтер түзетілгенін, қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылғанын атап өтті.
Биыл қаржыландыру көлемі былтырға қарағанда 44% өскен, бұл 327 млрд. теңге. Жаңадан қабылданған шаралардың нәтижесінде қаржы көлемін арттыруға мүмкіндік туған.
Қазір отын қоймаларында 5,2 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут бар және жалпы нормаға сәйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орталығында көмір қоры нормадан аз. Жинақтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Мұнымен қоса, Үкімет басшысы Әкімдерге жылу беру маусымының барысын жеке бақылауды тапсырды. Өңір басшылары жауапты министрлермен бірлесіп, көмір жеткізу мәселеЛерін уақытылы шешуге тиіс. Тұрғындар көмірді қыс бойы тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындыҚқа тап болмауы керек.