Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ізгі ниет елшілері сайланды

Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті.

Парламент Сенатының Спикері – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кездесуге 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған ауқымды іс-шара түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға негізделген. Отырысқа қатысушылар қазіргі тәуекелдер мен сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында съездің Ізгі ниет елшілері сайланды және дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:

- Былтыр біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Осы уақыт ішінде съезд жаһандық маңызға ие дінаралық диалог алаңына айналды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл біздің ортақ жетістігіміз. Съезд және оның хатшылығы қызметіне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауларыңыз бен ерекше ықыластарыңыз үшін сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес келесі құрылтай 2025 жылы 17-18 қыркүйекте өткізіледі және ол "Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия" тақырыбына арналмақ. Одан бөлек съезд хатшылығының XXII отырысының Хаттамасы қабылданды.