Тоқаев: ТМД халықаралық деңгейде мойындалды

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты. Президент 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс. Сондай-ақ Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан, тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.

«Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД+» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады, - деді Мемлекет басшысы.