Президент ТМД басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты

Президент әлем экономикасында тұрақсыздық белең алып тұрған жағдайда сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері ұдайы назарда болуы тиіс деді.

Қазақстан үшін ТМД нарықтары қашан да маңызды. Еліміздің сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде.

«2023 жылы қабылданған Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы және инвестицияларды жүзеге асыру туралы келісім сауда-экономикалық байланыстарымызды жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді оңтайландыру, жаңа логистика тізбектерін қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ықпалдастықты күшейту жұмыстарын жалғастырудың маңызы зор. Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары» деген Президент «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынды. Жәрмеңке аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында, жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізіледі. Жәрмеңкеге бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруалары шақырылады. Президент алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізді.