Сенат төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілімен кездесті
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХХІІ отырысы аясында Дүниежүзілік ислам лигасының арнайы өкілі Абдул Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Тараптар дін және конфессияаралық диалогты дәріптеу мәселелерін талқылап, алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын саралады. Сонымен қатар кездесуде жаһан жұртын бейбітшілікке үндейтін съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру міндеттері айқындалды.
Мәулен Әшімбаев съезд мақсаттарына қол жеткізуге Дүниежүзілік ислам лигасының елеулі үлес қосқанын атап өтіп, мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Абдул Азиз бен Ахмад Сархан съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевқа ауқымды іс-шараға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, форумның әлемдік қоғамдастықтағы маңызы зор екенін айтты.