Қазақстан мен Қатар әскери саладағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Қатар әскери ынтымақтастықты нығайтып, осы салада бірлесе жұмыс істемек, деп хабарлайды 24kz.

Мәжілістің бүгінгі отырысында екі ел Үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заң мақұлданды. Келісімге 2023 жылғы 12 желтоқсанда Дохада қос мемлекеттің қорғаныс ведомствосының басшылары қол қойған. Қатар біздің еліміздің сол өңірдегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі саналады. Биыл жазда Қазақстан мен Әзербайжанның қорғаныс министрлері әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Қатар біздің еліміздің маңызды және саяси-экономикалық серіктестігі. Оған қоса, әскери ынтымақтастық перспективалық бағыттар бар. Келісімді ратификациялау тараптарға әскери білім беру және ғылым, әскери медицина, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялар, жауынгерлік даярлық және өзара келіскен салаларда ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.