Қазақстан-Өзбекстан: стратегиялық серіктестік нығайып келеді

Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық серіктестікті нығайтып келеді.

Бұл іске үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінген. Таяуда қазақ университеттерінің филиалы Өзбекстанда, ал өзбек университеттерінің филиалы Қазақстанда ашылып, жұмысын бастады. Қос мемлекет гуманитарлық бағыттағы жобалардан бөлек, сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өнеркәсіп секторын да өркендетуге кіріскен. 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы қаңтар-тамыз аралығында 2,6 млрд доллардан асты. Бұл әзірге өткен 8 айдың көрсеткіші. Жергілікті статистика агенттігінің ақпаратына сай, еліміз Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Ал көршіміздің жалпы сыртқы тауар айналымы былтырға қарағанда 6%-ке өсіп, 43 млрд долларға жеткен. Өзбекстандық сарапшылар мұндай оң ахуалды көрші мемлекеттермен орнаған стратегиялық серіктестіктің нәтижесі деп санайды. Соның ішінде Қазақстанмен үкіметаралық ынтымақтастық жолға қойылған.

Мухсинжон Холмухаммедов, Өзбекстан экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығы директорының орынбасары:

- Қазақстан Өзбекстанның сыртқы сауда серіктестерінің ішінде

үшінші орынға шықты. Біздің елдеріміздің бір-біріне жақындығы мен көлік- коммуникация саласында көптеген істі бірлесіп қолға алуымыз

стратегиялық мақсат-міндеттерге жылдам қол жеткізуге септігін тигізіп

жатыр. Өзбекстан Қазақстаннан басқа ешбір елмен мемлекетаралық

жоғары кеңес құрмаған. Министрлеріміз осы кеңес аясында өнеркәсіп пен энергетика секторларына қажетті өнімдерді бірлесіп жасап шығару жолдарын қарастырып, негізін қалыптастыруға кірісті.

Жыл басынан бері Өзбекстан біздің елге 872 млн доллардың тауарын экспорттап, кері бағытта 1,7 млрд доллардың өнімін импорттаған. Екіжақты сауда айналымының негізін – астық, жеміс-жидек, көкөніс және табиғи ресурстар құрайды. Осы күні Ташкент, Самарқанд, Бұқара сынды қалаларда қазақстандық бизнес құрылымдары көбейген. Бірлескен кәсіпорындар саны 1000-нан асады. Тараптар Орталық Азияның экономикалық әлеуетін арттыру үшін адам капиталын дамытуға ден қойып отыр. Нәтижесінде қос мемлекет алғашқы университет филиалдарын аша бастады.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы оқу Шыршық филиалының директоры:

- Бүгінгі таңда Мұхтар Әуезов атындағы 80 жылдық тарихы бар ғылыми-

зерттеу университеті 18 мамандық бойынша Шыршық қаласынлда филиал ашып отырса, Өзбекстан ирригациялық институты су саласына маман дайындау үшін Алматы қаласында филиалы жұмысын бастады. Бүгін 400-ден астам бала қабылдап отырмыз. Шыршық қаласының халқы жайлы, біздің қазақстандық оқытушы-профессорлық құрамды жылы қабылдап жатыр.

Екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуы кейінгі кезде жиі өткізілетін іскерлік жиындардан да аңғарылады. Мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі тығыз байланыс ең алдымен қазақ пен өзбектің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта алдағы уақытта өңіраралық форум өткізу көзделіп отыр.

 

Авторы: Рауан Мыңбаев