Конституциялық құқықтың халықаралық тәжірибесі талқыланды

Парламентаралық ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түседі.

Душанбеде өткен халықаралық конференцияда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Тәжікстан Конституциясының 30 жылдығына арналған жиынға Қазақстаннан бір топ сенат депутаттары да қатысты. Орталық Азия және ТМД елдері парламенттерінің басшылары Конституциялық құқықтың халықаралық тәжірибесімен алмасты. Сондай-ақ, Сапар барысында сенаторлар Тәжікстан Республикасы Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бауырлас елдің басшысына  Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Тараптар екі елдің тиімді ынтымақтастығының КЕПІЛІ достық қарым-қатынас екенін ерекше атап өтті. Айта кету керек, бүгінде Қазақ-тәжік қарым-қатынастарының әлеуеті арта түскен. Мәселен қос ел арасындағы алыс-беріс шамамен бір жарым млрд долларға жетті. Сауда-экономикалық байланыстардан басқа, бірлескен мәдени және білім беру жобалары жұмыс істейді. Экологиялық және көлік салаларында бастамалар бар. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жемісті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде елдеріміз арасында Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізін қалайды.