Қазақстан мен Тәжікстан парламентаралық ынтымақтастықты арттыра түспек

Парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы байланыстарды нығайта түседі, деп хабарлайды 24kz.

Душанбеде өткен халықаралық конференцияда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Тәжікстан Конституциясының 30 жылдығына арналған жиынға Қазақстаннан бір топ Сенат депутаттары да қатысты. Сапар барысында сенаторлар Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Мәулен Әшімбаев бауырлас елдің басшысына Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Қос ел – сенімді серіктес, ойлары ортақ одақтас. Екі елді ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар байланыстырады. Бұл ғана емес, тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі арттыра түспек!

Қос ел екіжақты ықпалдастықтың  жаңа кезеңіне қадам басқан. Бұл туралы ел сенаторлары мен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуінде айтылды. Соңғы бес жылда екі ел арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы екі есе артып, 1 миллиард доллардан асып түскен. Келешекте өзара алыс-берісті 2 миллиард долларға дейін жеткізуді көздейді. Осы тұста айта кетерлігі, қос Парламент арасында да берік ынтымақтастық орнаған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жемісті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде екі ел арасында Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ тараптардың жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негізін қалайды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев халықаралық конференция барысында конституциялық құқықты дамытудың негізгі мәселелеріне ерекше тоқталды. Қазіргі әлемдегі толқулар тиімді диалог пен болашақтағы жаһандық өзгерістерге сәйкес заңнама тетіктерін бірлесе әзірлеуді талап етеді. Бұл ретте ортақ ынтымақтастықты үйлестіруде парламенттік дипломатия шешуші рөл атқарады. Тағы бір тақырып – әйел құқығы мен жастарды қолдау.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мен бүгін қатысқан арнайы секциялық тақырыбым Конституция және жастар. Соның аясында мен өзім біздің тәжік бауырларымызға арнайы баяндама жасап, еліміздің тәжірибесімен бөлістім. Заңнамалық тұрғыдан болсын ойларымды айттым.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл ретте әр ел қандай жұмыстар атқарып жатқанын, оның ішінде заң шығару саласында қандай істер атқарылып жатқанына тоқталдық. Бұл ретте Қазақстанда бірнеше ай бұрын ғана арнайы заң қабылданған болатын. Әйел және бала құқығына қатысты заңды қатайтпаса болмайтындығын да айттық. Сонымен қатар ортақ мәселені бірлесе шешу жайын айттық.

Тәжікстан сапарында Мәулен Әшімбаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтсақ, Тәжістан, Ресей, Әзербайжан және өзге де бірқатар елдердің Парламент басшыларымен бірлесіп, заң шығарушы органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов