БҰҰ елдері Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы қарарын қолдады

Женевада өтіп жатқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 57-ші сессиясында Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға шақыратын қарары қабылданды, деп хабарлайды 24kz.

Жаһандық мәселеге арналған құжат БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау алаңында тұңғыш рет қаралды.

Жанат Эрнст, тілші:

- Қазақстан Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жөніндегі қарарды әзірлеу бойынша жұмыстарды көрші Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлесіп жүргізді. Құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалардан бастау алатын еліміздің құқық қорғау саласындағы басымдықтарын негізге ала отырып дайындалған. Қарардың арқасында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі алғаш рет отбасындағы зорлық-зомбылықты адам құқықтары мәселесі деп мойындады. Барлық мемлекетті отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жоюға және құрбандарды қорғау мен кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Кеңес мәселені алдағы жылға арналған жұмыс жоспарына енгізу туралы шешім қабылдады.

Омар Знибер, БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің төрағасы:

- Мен Қазақстанға Адам құқықтары жөніндегі кеңеске осындай қарар енгізгені үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылық өте өзекті мәселе. Бұл әйелдер мен қыздардың ғана емес, жалпы адам құқықтарын сақтауды қамтиды. Мәселені шешу жолдарын табу өте маңызды. Адам құқықтары жөніндегі кеңес оны қолға алып жатыр. Біз осы құжаттың көмегімен оны тиімді шешеміз деген ойдамын.

Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдердің тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудегі ұстанымдары мен тәсілдерінің айырмашылығына қарамастан, Қазақстан ұсынған қарарды әлемнің 60-тан астам елі бірауыздан қолдады. Олардың ішінде АҚШ, Қытай, Еуроодақ, Латын Америкасы, Азия және Африка елдері бар.

Мұхаммаду Ка, Гамбияның женевадағы БҰҰ Кеңсесіндегі Марокконың тұрақты өкілі:

- БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою үшін маңызды қарар қабылдады. Кеңес әлем елдеріне әйелдер мен қыздарға зорлық-зомбылық жасауға жол бермеу керек деген үндеу жолдады. Барлық елдер мұндай әрекеттерді айыптауы керек. Біз Қазақстанның бүкіл әлем қауымдастығының мүдделеріне жауап беретін осы құжатты ұсынуын жоғары бағалаймыз.

Жиында Қазақстан қарарын талқылау қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Түрік тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен одан төнетін қауіп-қатермен күресу туралы баяндама жасайтынын жеткізді.  

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов