Елімізде әйел мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріледі

Еліміз гендерлік теңдік жөніндегі жаһандық рейтингте 146 елдің ішінен 76-орынды алып отыр.

Әйелдер теңдігі мәселесінде Орталық Азия елдері ішінен көшбасшы саналғанымызбен, биыл былтырға қарағанда әлемдік рейтингте 14 сатыға төмен сырғыдық. Бұл туралы Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның отырысында айтылды. Жиынға төрағалық еткен Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев,, Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық келісімдер мен шарттардың іске асырылуына баса мән беретінін айтты. Статистикаға сүйенсек, биыл мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 56%-ға жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы әйелдердің үлесі - 50,4%. Алайда басшы лауазымдарындағы нәзік жандылардың үлесі өзге дамыған елдерге қарағанда әлі де төмен. Бүгінде ел халқының 51%-дан астамы әйелдер қауымы. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты міңдеттер. Бұл бағытқа Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса мән беріп отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілді. Былтыр Президентіміздің тапсырмасымен тиісті заңдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтетін маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұл Парламент депутаттары, Үкімет және азаматтық сектордың ауқымды әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі екені анық. 

Ләззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Еліміздің экономикалық тұрғыдан өсуін басты бағыт қылып қойып жатсақ, бұның ішінде кәсіпте жүрген қыз-келіншектердің ынтасын көтерумен бірге, олардың компетенциясын өсіру, әйел кәсіпкерлерді қолдау ресурстық орталықтары жасалсын деген ұсыныс болды. Барлық өңірде былтырға дейін осы ұйымдар жұмыс жасады, биылдан бастап жаңа деңгейге көшеді деген сұраныс болып жатыр қоғамнан.