Қазақстан мен Армения сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Қазақстан мен Армения арасындағы алыс-беріс көлемі артып келеді.
Соңғы бес жылда өзара сауда 3,5 есе өскен. Былтыр тауар айналымы 23 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. Бүгінде еліміз жалпы сомасы 350 млн долларға шикізаттық және дайын тауарлардың 70 атауы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Астана мен Ереванды тағы не байланыстырады?
Армения – Қазақстанның оңтүстік Кавказдағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Отыз жылдан бері қос ел арасында өзара достық пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнаған. Бұл дәстүрден жаңылмай екі мемлекет ынтымақтастықты одан әрі мығымдай түспек.
Қазақстан мен Армения арасындағы бизнес әріптестік қарқынды өсіп келеді. Екі елдің алыс-берісі былтыр 60 млн АҚШ долларына жуықтады. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстанға Армениядан 11 млн доллар инвестиция тартылған. Жалпы тауар айналымының 33 млн доллардан астамы Қазақстан экспортына тиесілі болса, қалған 19,8 млн доллары Армения үлесінде. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміз Арменияға темір өнімдерін, өңделмеген алюминий, қағаз, қара металдан жасалған бұйымдар, ұн өнімдері, қант және бидай ұнын тасымалдаған. Ал Армения тарапы Қазақстанға тоңазытқыш пен мұздатқыш, дәрі-дәрмек, сусын, гигиеналық және косметикалық құралдар, ферроқорытпа сияқты түрлі дайын тауар әкелген.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Жалпы болашақта Қазақстан-Армения арасындағы байланыс өте қарқынды дамиды дегенге сенім бар. Өйткені біз бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз. Және мемлекеттер арасында шекаралық кедендік баждарға байланысты ешқандай мәселе жоқ. Екіншіден, Арменияның Қазақстанда өкілдіктер ашуға байланысты қызығушылығы өте жоғары. Қазірдің өзінде 435 Армения өкілдігінің үлесімен кәсіпорындар жұмыс жасап жатыр.
Қос ел алыс-беріс көлемін бұдан да еселей түсуге ниетті. Тек екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстың жоқтығы тұсау болып отыр. Сарапшылар осылай топшылады. Демек, қос мемлекет арасында теміржол және көлік жолдың ағынын нығайту қажет. Дегенмен, қазақ-армян арасындағы экспорт пен импорттық қарқын өзара сауданы айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, екі ел қарым-қатынасы достық пен өзара тиімді ынтымақтастық арқылы дамып келеді. Биыл достық пен ынтымақтастық туралы шартты құжаттың 25 жылдығы аталып өтті.
Таисия Мармонтова, саясаттанушы:
- Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бастап аймақтық, халықаралық саяси қақтығыстарды дипломатиялық келіссөздер негізінде шешіп, жаһандық бейбітшілікке елеулі үлес қосты. Саяси келіссөздерге тең мүмкіндік ұсынып, әлемдік мүдделі тараптармен бейтарап, өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнатты. Сол сияқты Оңтүстік Кавказ аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге сеп болды. Бұны Армения тарапы жоғары бағалайды.
Бұл ғана емес, екі ел түрлі салаларда да байланыс орнатып үлгерген. Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та берік орнады. 2010 жылдан бастап Ереван мемлекеттік университетінде қазақ тілі, мәдениет және тарих орталығы құрылды. Ал 2016 жылы Арменияның Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Қазақстанның «Наири» мәдени орталықтары қауымдастығының қызметі, сондай-ақ Қазақстанның 14 қаласында жұмыс істейтін армян мәдени орталықтары қос ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етіп келеді.
Мерей Тілеуханұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Армян мемлекетінің кино индустрия саласы Қазақстанға мәдени жағынан үлесі көп. Оның бірегейі армян халықтарына, барлығымызға танымал үлкен жобалар, танымал кино туындыларының кейбір бөлімдерін түсірген болатын. Сол себепті бізге де алдағы уақытта мемлекетіміздің үлкен жарыққа шығуына мәдени саладағы жетістіктері өте көп.
Қазақстан – Армения мен Әзірбайжан қатынастарын реттеу төңірегінде арағайындық жасаған бірден-бір ел. Атап айтсақ, биыл мамыр айында Алматыда екі елдің сыртқы істер министрлері басшыларының бейбітшілік шартын дайындау бойынша келіссөздері өтті. Осылайша, Қазақстан Оңтүстік Кавказда берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға мүдделі екенін көрсетті.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев