Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық диалогты тереңдетуге ниетті
Еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Люксембургте өткен «Қазақстан – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің 21-ші отырысына қатысты.
Еуроодақ еліміздің ең ірі сауда серіктесі. Өткен жылы өзара тауар айналымының көлемі 41,4 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан Еуроодақтың аймақтағы негізгі серіктесі. Люксембургтегі кездесуде тараптар тағы қандай келісімдерге қол жеткізді?
Еуропалық конференц орталықта Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқыһ істер министрі Мұрат Нұртілеу биылғы жарты жылдықта Еуроодаққа төрағалық жасап жатқан Венгрияның Сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ағымдағы және болашақтағы ынтымақтастықты, сондай-ақ одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Ынтымақтастық кеңесінің жыл сайынғы отырысының дәстүрлі күн тәртібіне саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестік мәселелері кіреді. Олардың қатарында Қазақстан экономикасына инвестиция мен озық технологияларды тарту, энергетика мен көлікті дамыту, сондай-ақ өнеркәсіпті жаңғырту бағыттары бар. Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі, тікелей инвестицияның жартысына жуығы кәрі құрлық елдерінің үлесі. Еуропалық тараптың басшысы Питер Сийярто Қазақстанда инвестиция тарту және әлеуметтік-экономикалық реформаларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған деп атап өтті.
Хендрик Саренс, «Sarens» компаниясының басқарма мүшесі:
- Еліңізде бизнес климат өте қолайлы. Біздің компания ауыр жүктерді тасымалдауға маманданған және Қазақстанмен 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Қазір біз жолдардың сапасын жақсарту бағытында, әсіресе Қытай мен Қазақстан шекарасына жақын жерде кеден инфрақұрылымын салуды жоспарлап отырмыз. Жол жұмыстарына, ғимараттар мен кеден нысандарының құрылысына шамамен 55 млн еуро инвестиция жұмсалады. Сондай-ақ жергілікті мектептің құрылысын қаржыландыруды ұсынамыз.
Еуропалықтар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға мүдделі. Делегаттар оны әзірлеу үшін Үйлестіру платформасының іске қосылуын құптады және жасыл энергетика саласындағы нақты жобаларды іске қосуды жеделдетуге келісті. ЕО Жаһандық шлюз стратегиясын бірлесіп жүзеге асыруға инвестиция беруге дайын. Тараптар Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету үдерісін, азық-түлік қауіпсіздігін дамытуды, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады. Еуропалық делегация 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен Қазақстанда аймақтық климаттық саммит өткізу бастамасына да қызығушылық танытты.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов