Е.Қарин халықаралық олимпиада жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекеттік кеңесші жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиада жүлдегерлерімен кездесті.
Жүздесуде Ерлан Қарин Қазақстанның оқушылары жыл сайын көптеген халықаралық білім додасында топ жарып жүргенін атап өтті. Биыл жас өрендеріміз жалпы білім беретін пәндер бойынша әлем олимпиадаларында 26 медаль иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Мемлекеттік кеңесші 2022 жылдан бастап Президенттің бастамасымен жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына ақшалай сыйлық берілетінін атап өтіп, Қазақстанда жастарға барлық жағдай жасалғанын, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін білім және ғылым саласында мол мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Басқосу соңында Ерлан Қарин олимпиада жеңімпаздарын тағы да құттықтап, олар қажырлы еңбектің арқасында еліміздің жастарына үлгі-өнеге болып жүргенін атап өтті.