Бірқатар қоғам қайраткері наградамен марапатталды
Республика күні қарсаңында елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар қоғам қайраткері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірқатар мүшесіне және аймақтан келген қоғам белсенділеріне награда табыстады. Атап айтқанда, «Парасат» орденімен Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы марапатталды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңес мүшесі және Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті мен Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры «Құрмет» орденіне ие болды. Бұған қоса Шығыс Қазақстан аймағының бірнеше белсендісі «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп танылды. Елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген тағы бірқатар азаматқа «Шапағат» медалі табысталды. Жиын соңында Ерлан Қарин марапат иелерін Республика күнімен құттықтады.