Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 34 жыл толды
Биыл «Мемлекеттік Егемендік туралы» Декларацияның қабылданғанына 34 жыл.
Тәуелсіздіктің бастамасы болған тарихи құжат 1990 жылы 25 қазанда Алматыда қабылданған болатын. Ал бір жылдан кейін Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы заң күшіне енді. Қазақстанның іргелі ел болуына жол салған маңызды құжаттың түпнұсқасы бүгінде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінде сақтаулы.
Мынау тарихи зал. Қазақстан Мемлекетінің туған күнін анықтаған зал осы. Осы жерде 360 депутат отырған. Менің отырған жерім мына жер. Шеті. Шеті болатын себебі, дауыс болса санаймын.
Асқар Серқұлұлы Егемендік туралы Декларацияның қабылдануына куә болғандардың бірі. Ол кезде Жоғарғы Кеңес депутаты әрі заң шығару органында санақ комиссиясының төрағасы болған Асқар аға компьютер жоқ заманда дауысты қолмен санайтынбыз деп еске алды.
Мемлекет тарихындағы маңызды құжатты қабылдау - 12-ші сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттарына бұйырыпты. Олар алғаш рет жаңа конституциялық құрылымға негіз болған құжатты бекітіп, қазақ жерінде тәуелсіз, егемен, біртұтас мемлекеттің іргесі қаланғанын жариялады. Алайда саяси дағдарыс белең алған аумалы-төкпелі кезеңде мұндай салмағы басым құжатты қабылдау оңай болмады, - дейді Асқар аға.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Пікірталастар болды. Талқылаулар болды. Ол рас. Өйткені комитеттер бар, депутаттар бар. Бірақ оның барлығын біз ақылменен жеңіп, сөзбен, пікірталаспен жеңіп, басым көпшілік дауыспен осы декларация қабылданған. Қазақтың мемлекеті, қазақтың тілі. Өзіміздің егемендігіміз, өзімізді өзіміз басқара алатындығымыз, басқару жүйесінің қалай болатындығы осының бәрі анықталған.
Мұның бәрі бар-жоғы 17 баптан тұратын, небәрі 4 бетке сыйған «Мемлекеттіғк Егемендік ткралы» Декларацияда қамтылды. Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырған ақжолтай құжаттың түпнұсқасы қазір Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Бұл Тәуелсіздікке негіз болған Егемендік туралы декларацияның тұпнұсқасы. Тарихи құжаттың алғашқы беті Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Мемлекеттік Егемендік декларациясын қабылдау туралы Қаулысымен басталады. Маңызы басым құжатта ұлт, шекара мәселесі шегенделген. Мәселен, «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-нің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды» деп көрсетілген.
Орталық Мемлекеттік архивте Егемендік туралы Декларациямен қатар маңызды құжатты талқылаудың стенографиясы да топтастырылған. Мемлекеттік жүйенің алғашқы құжаттары өте ерекше жағдайда қорғалып, сақталуда.
Мәрзия Жылысбаева, ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары:
- Ережелер бар. Яғни бұл құжаттарды сақтау, оның температуралық режимі, оның ылғалдылығы осының барлығы қатаң бақылауда ұсталынады. Және өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі қарастырылған. Оның барлығы автоматты түрде жұмыс жасайтын әртүрлі техникалық құрылғылардың арқасында жүзеге асырылады. Ал құжаттың өзінде әр жыл сайын бұл құжаттардың барлығының сақталу қалпы тексеріліп отырады.
Егемендік туралы Декларацияның қабылдануына сол кезде Жоғарғы Кеңестің құрамында болған академик ғалымдар үлкен үлес қосты. Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Марат Оспанов сияқты тұлғалардың табанды, дәлелді пікірлері арқасында түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан құжат көпшілік дауыспен бекітілді.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов