Қазақстан мен Грузияның орталық сайлау комиссиялары меморандумға қол қойды

Тбилисиде Қазақстан мен Грузияның орталық сайлау комиссиялары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды 24kz.

Тараптар: «Сайлау процестеріндегі серіктестікті нығайтуға бағытталған құжат демократиялық институттарға сенімді арттыруға өз септігін тигізеді», - дейді.

Ынтымақтастық туралы меморандумға еліміздің орталық сайлау комиссиясы өкілдерінің Тбилисиге жұмыс сапары кезінде қол қойылған. Құжат екі ел арасында тәжірибе және технология алмасуына жаңа мүмкіндіктер ашуы тиіс.

Георгий Каландаришвили, Грузия орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Бұл меморандумға қол қою арқылы біз ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Жинаған тәжірибемізді сайлау кезіндегі жұмыс барысында қолданамыз. Оның түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу кезінде де көп пайдасы тиеді деп ойлаймын.

Бұл меморандумның алғышарттары былтыр Астанада өткен халықаралық конференция кезінде жасалып қойған. Дайындық жұмыстары жарты жылдан астам уақытқа жалғасқан. Қазақстаның орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров құжат ең алдымен сайлау процестерін оңтайландыру үшін жаңа мүмкіндіктерін ашатынын айтады.

Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Қазіргі өзара серіктестігіміз одан да жоғары кәсіби деңгейге көтеріледі деп үміттенемін. Өйткені келешекте ортақ консультациялар өткізуге болады. Заманауи технологиялардың арқасында мұны қашықтан-ақ іске асыру мүмкіндігі бар.

Еліміздің орталық сайлау комиссиясы осымен 14-ші меморандумға қол қойып отыр. Жыл соңына дейін Үндістанмен де осындай келісім жасау жоспарда бар.

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили