Ақтөбеде ауыл әкімдерінің форумы өтті
Ақтөбеде алғаш рет әкімдер форумы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Ел басқарып отырған жауапты тұлғалар бюджетті тиімді басқару, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту сияқты мәселелерді талқыға салды. Алқалы жиынды өткізуге «AMANAT» партиясының облыстық филиалы бастамашы болды.
Облыстық форумда ауыл әкімдерін сайлау, қоғамдық қабылдауларды жандандыру, жастарды қоғам үшін маңызды істерге жұмылдыру сияқты мәселелер сөз болды. Аймақ халқы 2021 жылдан бері 155 ауыл әкімін өздері сайлап алды. Олардың 90%-і – «AMANAT» партиясының мүшелері. Облыс әкімі Асхат Шахаров әкім-қараларға зор жауапкершілік артылғанын атап өтті.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Партияның жұмысы жүйелі түрде өз кадрларын дайындау жұмыстарын жүргізіп келеді. Ол – жақсы көрсеткіш. Бірақ партиядан шыққан әкімдердің кемшілігі – уақытылы жасалмаса, сапасыз болса, ол сөзсіз партияның атына кір келтіретіні. Сондықтан барлық деңгейдегі депутаттар болсын, әкімдер болсын, жауапкершілікті арттыру керек.
Жалпы облыс аумағында «AMANAT» партиясының бастамасымен түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Былтырдан бері 893 мұқтаж отбасына баспана берілді. Жаңадан 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Шалғайдағы ауылдарда мәдени, спорттық нысандар және дәрігерлік пункттер салынды. Дегенмен түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер де аз емес.
Қазбек Аққайыр, Қандыағаш қаласының әкімі:
- Халықтың ойын тыңдауымыз керек, халықпен санасуымыз керек, ақылдасуымыз керек. Сол кезде істелген жұмыс нақты, дұрыс болады деп ойлаймын. Бірінші күннен бесінші күнге дейін күнде халықты қабылдаймыз, халықтың сұрағына жауап беріп отырамыз. Әлеуметтік желіде болсын, қазір Facebook, Instagram, WhatsApp желісінде – барлығында біздер ашықпыз.
«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев форумда айтылған ұсыныстар сайланған әкімдердің жұмысына оң ықпал беретініне сенім білдірді. Алқалы жиын семинар-тренингке ұласты.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев.