Ерлан Қошанов Қырғыз Республикасына барды

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Қырғыз Республикасына барды, деп хабарлайды 24KZ.  Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Қырғызстан парламенттері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Жиын соңында Жоғорку Кенеш пен Қазақстан Парламенті арасындағы ынтымақтастық бойынша Парламентаралық кеңес туралы ережеге қол қойылды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Қырғыз Республикасына ресми сапары Жоғорку Кенеш депутаттарымен кездесуден басталды. Басқосудың негізгі тақырыбы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту болды. Мәжіліс төрағасы екі мемлекет басшылары арасындағы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету Қазақстан мен Қырғызстан парламентшілерінің басты міндеті екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Байланысымыз күн санап нығайып келе жатқаны бізді айрықша қуантады. Оған, әрине, бірінші кезекте елдеріміздің көшбасшыларының берік достығы мен жүргізіп отырған сындарлы саясаты зор ықпал етіп жатыр. Мемлекеттеріміздің басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды одан әрі ілгерілету бойынша нақты міндеттерді қойды. Сондықтан жоғары деңгейдегі барлық уағдаластықтардың уақытылы орындалуы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің айрықша назарында болуы қажет деп біз ойлаймыз.

Тараптар сондай-ақ су энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жайын да талқылады. Мәжіліс спикері биыл жазда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Камбар-Ата гидроэлектрстансысын салу туралы үшжақты келісімге қол қойылуы маңызды оқиға болғанын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, жиын барысында екі елдің экономика мен инвестиция салаларындағы әріптестігі де сөз болды. 

Нұрланбек Шакиев, ҚР Жоғорку Кенеш спикері:

- Республикаларымыздың экономикасына инвестиция құю Үкіметтің басым міндеті болып саналады. Біз заң шығарушылар ретінде осы маңызды процеске құқықтық қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Екі мемлекеттің басшылары өзара тауар айналымын 2030 жылға дейін үш миллиард долларға дейін ұлғайту міндетін қойды.

Парламентаралық кеңестің екінші отырысы соңында Қырғыз Республикасы Жоғорку Кенеші мен Қазақстан Республикасы Парламенті арасындағы ынтымақтастық бойынша Парламентаралық кеңес туралы ережеге қол қойылды. Сонымен қатар Парламентаралық кеңестің үшінші отырысы келер жылы Астанада өтетіні белгілі болды.

Авторы: Бакыт Чермашев.