Қ. Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымының әлемдік мәртебесі артты
Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде 8 құжатқа қол қойылып, бауырлас елдердің ертеңі үшін маңызды шешімдер қабылданды, деп хабарлайды 24KZ. Алқалы жиынға қазақ басшысы да арнайы барды. Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керектігін айтып, дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажеттігіне тоқталды.
Түске таяу уақытта қазақ басшысы мінген борт Бішкек қаласының Манас әуежайына қонды. Қырғыз астанасына арнайы барған Қасым-Жомарт Тоқаевты бауырлас елдің министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров қарсы алды. Әрі қарай Президент кортежі Ынтымақ Орда ғимаратына бағыт алды. Онда Мемлекет басшысын қырғызстандық әріптесі Садыр Жапаров күтіп алды.
Бішкек бүгін мәртебелі меймандарға толы. Қазақ басшысымен қатар өзге де түркі мемлекеттерінің президенттері Қырғызстанның бас қаласына табан тіреді. Басты мақсат – тереңнен тін тартқан буырлас елдердің төл тарихын төрткүл тарапқа насихаттау ісін ілгерілету, арадағы алыс-берісті арттырып, келешек үшін келелі кеңес өткізу.
Алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны кездесуде Мемлекет басшысы баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл, ең алдымен берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін.
Иә, аз уақытта ауыз толтырып айтатын жетістіктерге қол жеткіздік. Өткенімізді түгендеп, ұмыт болғанымызды жаңғырттық. Бұл істе қазақ елінің ауыз толтырып айтарлық жобалары жетерлік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті.
Бауырлас елдерден құралған бірлестік тек мәдени ынтымақтастықты бекемдеп қана қоймай, арадағы алыс-беріс көлемін арттырып, барыс-келісті де жеңілдетті. Мәселен, биыл өзара сауда айналымы 45 млрд доллардан асты. Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев ілкімді істердің көкжиегін әлі де кеңейтуге болатынын айтты. Қазақ басшысы ұйымға мүше мемлекеттер арасында көлік логистиканы тереңдете түсу керектігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.
Ұйым инвесторларды бір арнаға тоғыстырған алаңға айналуы керек. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды.
Сондай-ақ сала біткенге серпіліс беру үшін адам капиталының маңызын айтып, ғылым-білімді дамытуда тізе біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды.
Алқалы жиын жемісті болды. Түркі мемлекеттері ұйымы XI саммитінің декларациясы қабылданып, Бішкек қаласын 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық астанасы ретінде жариялау туралы шешім қабылданды. Жаңалық мұнымен бітпейді. Енді Түркі мемлекеттері ұйымының өз байрағы болады. Бұл ұйымның беделі арта түскенін аңғартса керек. Ал бірлестіктің дамуына үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсету – түркі жұртына тән қасиет. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ саммитте бауырлас мемлекеттердің президенттері де сөз сөйледі. Тараптардың қатынасына қарқын беру үшін ұсыныстарын жеткізді. Енді Қырғыз елінде қабылданған шешімдер тұтас түркі әлеміне тың серпіліс әкелуі тиіс.
ХІ саммитте 8 құжатқа қол қойылды:
- Түркі мемлекеттері ұйымы XI саммитінің декларациясы;
- «Түркі әлемінің жасыл дамуы: орнықты келешектің бірлігі» туралы шешім;
- Бішкек қаласын 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық астанасы деп жариялау туралы шешім;
- Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы шешім;
- Түркі әлемінің хартиясын қабылдау туралы шешім;
- Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасарларын тағайындау туралы шешім;
- «Түркі мемлекеттері ұйымының Тұрақты өкілдері жөніндегі ереже» туралы шешім;
- Түркі мемлекеттері ұйымының туы жөніндегі шешім.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы.