Бакуде Климаттық саммит өтіп жатыр

Әзербайжан астанасында COP29 Климаттық саммиті басталды.

Ордалы отырыста жаһандық жылыну мәселесін еңсеру жайы талқыланады. Шараға бірнеше елдің басшысы мен БҰҰ-ның төрағасы қатысып жатыр. 

Жаһандық жылынудан тұтас адамзаттың дегбірі қаша бастады. Кейінгі кездері Жер-Ананың суы тасып, өрті өршіп, табаны жиі тербеліп жүр. Қазір табиғи апаттан қашып құтыла алмайсың, мезгіл-мекен таңдамайды. Болжам жасау да қиын. Ең сорақысы, ғалымдардың пайымынша, бұл жаһандық жылынудың жаңғырығы ғана. Қоршаған ортаны дер кезінде қорғамасақ, апат ауқымы еселене түседі. Жағдай күннен-күнге ушығып барады. Бір ғана дерек – 2024 адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін.

Күрт өзгерген климаттың кесірін қаймана қазақ та көріп жүр. Алысқа ұзамай, көктемгі тасқынды мысалға алса болады. Қысқасы, атмосфераның әуселесі бізді айналып өтпейді. Сол үшін Климаттық саммиттың маңызы арта түсті. Былтыр Дубайда өткен жиында қатысшылар атмосфераға бөлінетін метанды азайту туралы келіскен еді. Бұл ұсынысқа Қазақстан да қосылды. Астана бұл бағытта белсенді. 

Динара Мелдеқұл, ҚР ЭТРМ Климаттық саясат департаментінің бас сарапшысы:

- Жеті жобадан тұратын метан шығарымдарын азайтудан тұратын пул жобалар құрастырдық. Соның аясында инвестициялар тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан басқа министрлік халықаралық ұйымдармен көптеген іс атқаруда. 

Бірақ мәселе метанмен шешілмейді. Сондықтан әлем басшылары Бакуде бас қосты. Келелі кеңес қатысушыларының қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Пленарлық сессияның алғашқы спикері болған қазақ басшысынан маңызды бастамалар күтілетіні анық. Себебі, әлемге айтарымыз да, үйретеріміз де мол. Мұны жаһандық жылынуға қарсы бизнес-жобалардан көруге болады. Бір ғана мысал – қазақстандық кәсіпкерлер ауаға улы газ бөлмей бетон өндірудің жолын тапты.

Айбек Мұрат, жеке компанияның бас директоры:

- Біз мұнай шламы мен күкірттен құрылыс бетонын жасаймыз. Біздің өндірісімізде цемент пен су қолданылмайды. Бұл CO₂ шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Цемент өндіру — көміртек шығарындылары көп болатын процестің бірі, біздің бетонымда цементтің болмауы көміртек ізін азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, біз өндірістік қалдықтарды қайта өңдейміз, бұл полигон жүктемесін азайтып, қоршаған ортаның ластануын төмендетеді. Мұндай технологияның арқасында біздің өнім тек экологиялық таза ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан тиімді.

Цифрландыру саласында да жаңалық көп. Faceplate компаниясы бизнес иелеріне шығынды азайтып, жұмыс жетілдіруге жәрдемдесіп жүр. Бұған заманауи технология көмектеседі дейді олар. Сондай-ақ, жел электр станциясының жұмысына да қатысады.

Дәулет Құлтаев, жеке серіктестіктің президенті:

- «Бадамша 1», «Бадамша 2» деген екі жоба – жел электр энергиясына байланысты жоба. Әрқайсысы 50мгб энергия беретін жел электр станциялары. Ақтөбе облысында орналасқан. Италияның Эни деген компаниясының жобасы. Біз жобалауды және іске асыруды жүргіздік.

Ал Бакудегі басқосуда климаттық өзгеріске қарсы күресті қаржыландыру мәселесі терең талқыланады. Саммит төрағалығы 14 ұсыныс берді.

 

Авторы: Бекзат Аманов