Қазақстан мен Қатар әскери ынтымақтастығын нығайтады

Алдағы уақытта Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық нығая түседі, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, қос мемлекеттің қорғаныс күштері өзара тәжірибе алмасып, бірлескен оқу-жаттығуларына қатыса алады. Осыған мүмкіндік беретін заң бүгін Сенат отырысында мақұлданды. Тағы қандай екіжақты міндеттемелер қамтылған?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге былтыр 12 желтоқсанда Доха қаласында қол қойылды. Араға бір жыл салып, сенаторлар бұл құжатты бүгін бірауыздан мақұлдады. Заңды бекіту екі мемлекетке өзара әскери білім алмасуға, қорғаныс саласы қызметкерлерін дайындауға, біліктілікті арттыруға, медицина, ғылым, мәдениет және спорт саласында ынтымақтастық іс-шараларын өткізуге мүмкіндік береді.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Сондай-ақ қызметшілерді тілге үйрету, ақпараттардың құпиялылығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларында консультациялар алу қарастырылған. Заң мәселелері бойынша түзетулер енгізу тәртібі айқындалған.

Келісім қос мемлекеттің әскери полигондарында жауынгерлік дайындықты пысықтауға және екеуара әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат береді. Сенатордың айтуынша, Қазақстан ұлттық қорғаныс саласына Қатар елінен инвестиция тартуға да мүдделі. Маңызды құжат 5 жылға арналған. Осы мерзім ішінде екі тараптан Заңның күшін жою туралы өтініш түспесе, уағдаластық автоматты түрде тағы 5 жылға ұзартылады.

Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Осымен ұқсас ратификацияланған үш келісім бар. Ол Қырғызстанмен және Ресеймен. Біз көздеп отқанымыз тіл мәселесі бойынша Қатар елінде өзіміздің офицер, сержанттарымызға араб тілін меңгеру. Ал Қатар мемлекетінен талпыныс болса, Ұлттық қорғаныс университетінде оқыту үшін біз бірінші кезекте қазақ тілін оқыту керекпіз. Ал егер ол жақтан орыс тілін меңгеру туралы сұрақ болса, оны да оқыта аламыз.

Еске сала кеткен жөн, Қазақстан әскери әлеуеті бойынша әлемде 145 елдің ішінде 58-ші орында. Бізден кейін Әзербайжан елі тұр. Ал Қатар Әмірлігі 63-ші сатыға жоғарылап, Беларусь Республикасын артқа тастады. Биыл жыл басында жарияланған GlobalFirePower сайтындағы рейтинг осындай. Араб түбегінің шығыс жағалауында орналасқан мемлекеттің қару-жарақ қоры мол. Қорғаныс бюджеті 14 млрд 70 млн АҚШ долларына тең. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен шамамен 2 есе көп.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков, Ислам Маханбет