Будапештте қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің 10 жылдығы атап өтілді

Будапештте қазақ-мажар стратегиялық әріптестігінің 10 жылдығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан елшілігі мен Мажарстан Сыртқы істер институты ұйытқы болған шараға жергілікті және шетелдік ғалымдар мен саясаткерлер және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Екі бауырлас ел арасында қарым-қатынас соңғы жылдарда айтарлықтай күшейді.

«Бұған Мажарстанның «Шығысқа ашылуы» мен Қазақстанның көпвекторлық саясаты әсер етті», - дейді жергілікті мамандар. Қазақстан Венгрияның Орталық Азиядағы, ал Мажарстан Қазақстанның Орталық Еуропадағы негізгі экономикалық серіктесі.

Ласло Ваша, Венгрия сыртқы істер институтының аға ғылыми қызметкері:

- Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік ретінде бағалаймыз. Қазір екіжақты байланыс қарқынды дамып жатыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым және білім салаларында белсенділік жоғары. Достық пен бауырластыққа негізделген ынтымақтастық келешекте де тығыз болатынына сенімдімін.

Шандор Шеремет, Венгрия Сыртқы істер институтының аға ғылыми қызметкері:

- Қазақтар мен мажарлардың тамыры бір. Бұл тарихи және мәдени тұрғыдан дәлелденген. Сондықтан Будапешт пен Астана арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Қазіргі таңда екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Венгрияның болса оларды өңдеу бойынша жақсы тәжірибесі бар. Бұл келешекте әріптестікті одан әрі кеңейтіп, дамытуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.