Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының отырысы өтті
Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 57-ші пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Оған Достастыққа мүше мемлекеттердің Парламент палаталарының төрағалары қатысты. Қазақстан делегациясын Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев бастап барды.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының отырысы дәстүрлі түрде Санкт-Петербордағы Таврический сарайында өтті. Парламенттердің депутаттары сайлау процесін халықаралық байқау институтының демократия мен сайлау мәдениетін дамытудағы рөлін талқылады.
Қазақстан Президенті қазан айында Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде біздің елдеріміз үшін Достастықтың әлеуетін одан әрі нығайту және оның беделді халықаралық ұйым ретіндегі рөлін арттыру сөзсіз басымдық екенін атап өтті. Сондай-ақ палата спикері халықаралық байқаушылар институты Достастық кеңістігіндегі сайлау процестерінің маңызды және ажырамас бөлігіне айналып, олардың ашықтығын арттыруға ықпал еткенін тілге тиек етті. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі реформаларға тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Біз Қазақстандағы билік институттарының сайланбалылығын кеңейтіп жатырмыз. Ауылдық елді мекендердің әкімдерін сайлауды қалыптастырдық. Енді аудан әкімдерін сайлауды қолға алдық. Қазіргі таңда елімізде аса маңызды мәселелер референдумға шығарылады. Қазақстанда өткізілген АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум барлық маңызды шешімді ел азаматтарының пікірін ескере отырып қабылдауға үндейтін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының жарқын көрінісіне айналды.
Мәулен Әшімбаев алғаш рет референдумға экономикалық сипаттағы мәселе шығарылғанын атап өтті. Дауыс беру процесіне 30 елден келген 40 мыңнан астам ұлттық және 170 халықаралық байқаушы мониторинг жүргізді. Байқау қорытындысында ТМД миссиясы референдумның ел заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес еркін әрі ашық өткізілгенін жеткізді. Бұдан басқа отырысқа қатысушылар ТМД Парламентаралық Ассамблеясының аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы лауазымына Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина кандидатурасын бекітті. Ал сенатор Геннадий Шиповскихті ТМД Жастар Парламентаралық Ассамблеясының үйлестірушісі етіп тағайындау туралы шешім қабылдады.
Геннадий Шиповских, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты:
- Жалпы айтатын болсақ, ұйымға жас парламентшылардың арасынан ғана емес, түрлі сарапшылар кіреді: халықаралық деңгейдегі саясаткерлер, политологтарымыз. Олардың барлығымыздың басымыз косыла отыра, жастар мәселесіне қатысты, басқа тақырып бойынша тәжірибе алмасу, сонымен қатар заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты жұмыстарды атқарамыз.
Палата төрағасы Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан парламенттік делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын талқылады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.